Рецензенттерге арналған ақпарат
Құрметті рецензент,
«Kazakh Journal of Physical Medicine & Rehabilitation» журналының (Журнал) редакциясына келіп түскен барлық қолжазбалар қос сарапшының «екі жақты жасырын» рецензиялауы («double-blind» Peer Review Policy) арқылы сараптамадан өтеді. Рецензенттерді таңдау Редакцияның шешімімен жүзеге асырылады. Қолжазбаларды рецензиялауға терең кәсіби білімі мен жұмыс тәжірибесі бар реабилитология саласындағы жоғары білікті маман-ғалымдар қатысады.
Бұл ақпаратты әзірлеу кезінде Журналдың редакторлары Редакциялық саясатты және Жарияланым этикасы жөніндегі Комитеттің (СОРЕ) Рецензенттерге арналған нұсқаулықтарын пайдаланды.
ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
Белгілі бір қолжазбаны рецензиялау туралы өтініш хат түскен кезде, ұсынылған мақаланы рецензиялауға жеткілікті түрде құзыретті болсаңыз ғана келісім беруіңізді өтінеміз.
Журнал Редакторынан қолжазбаны рецензиялауға арналған ұсыныс хат алғаннан кейін, Сіздің рецензиялауға келісуге немесе одан бас тартуға құқыңыз бар. Рецензиялауға келісе отырып, Сіз біздің Журналдың дамуына өз үлесінізді қосасыз.
Журнал ұсынған қолжазбаларға сараптама жасаудың ақысыз түрде жүзеге асырылатынын ескертеміз. Рецензиялаудан бас тарту туралы шешімнің Рецензент үшін ешқандай салдары болмайды.
Рецензиялауға арналған өтініш хатында мақала бойынша қорытынды берудің нақты мерзімі көрсетіледі. Журнал редакциясы Сізден мақаланы рецензиялауға қабылдау туралы шешіміңізді екі күн ішінде хабарлауыңызды өтінеді. Егер Сіз қолжазбаны рецензиялауға келісілген мерзім ішінде үлгермейтін болсаңыз, өтінеміз, бұл туралы Редакторға хабарлаңыз. Журнал редакциясы Сізден мақаланың тақырыптық бағыты бойынша басқа маман ұсынуыңызды немесе рецензиялау мерзімін ұзарту туралы өтініш жіберуіңізді сұрайды.
Сіз рецензиялау туралы қосымша ақпаратпен «Рецензиялау саясаты» бөлімінде таныса аласыз.
МҮДДЕЛЕР ҚАҚТЫҒЫСЫ
Мүдделер қақтығысы туралы ақпарат Редактордың ұсынысына берілген жауапта көрсетілуі керек. Рецензенттің бұл мәселедегі ашықтығы Редакторға дұрыс шешім қабылдауға көмектеседі. Мүдделер қақтығысы фактісі мақаланы рецензиялауға тыйым салуға алып келмейді.
Мүдделер қақтығысының мысалдары: Рецензент пен Автор бір мекеменің бір бөлімінде жұмыс істеуі; Рецензенттің Автормен осы мақала бойынша бұрын бірге жұмыс жасауы; Рецензенттің жеке, кәсіби немесе қаржылық қызығушылығы болуы.
Рецензиялау процесінде мүдделер қақтығысының туындау ықтималдығын болдырмау үшін Жарияланым этикасы жөніндегі Комитеттің (СОРЕ) рецензенттерге арналған нұсқаулықтарымен танысыңыз.
РЕЦЕНЗИЯЛАУҒА ҰСЫНЫЛҒАН ҚОЛЖАЗБАНЫҢ ҚҰПИЯЛЫҒЫ
Өтінеміз, Редакция рецензиялау үшін жолдаған қолжазбаға құпия құжат ретінде қараңыз. Сіз сараптамадан өткізіп отырған мақала, (немесе оның бөлігі) егер арнайы ғылыми кеңес алуды қажет ететін ерекше жағдайлар туындамаса, жария етілмеуі немесе басқа адамдармен талқыланбауы керек. Арнайы кеңес қажет болған жағдайда Редактор хабардар болуы тиіс.
Рецензенттің қарастырылып отырған қолжазбадан алған ақпараты Журналда ресми жарық көргенге дейін сілтеме жасау үшін қолжетімді болмауы керек.
ЭТИКАЛЫҚ МӘСЕЛЕЛЕР
Рецензенттердің Журналдың рецензиялау саясатының жалпы қағидаттарын ұстанумен қатар келесі міндеттері бар:
- рецензиялаудан бас тартқан жағдайда қолжазбаның көшірмесін жою;
- қолжазбаны объективті түрде бағалау және Автордың жеке басын сынға алмау;
- Авторлардың интеллектуалды тәуелсіздігін құрметтеу;
- Редакторлар мен Авторлар рецензия мәтінін толық түсінулері үшін қарастырылып отырған қолжазбаға қатысты үкімді нақты әрі, қажет болған жағдайда, арнайы сілтемелермен қоса ұсыну;
- рецензиялауға ұсынылған қолжазбаның басқа автордың бұрын жарияланған еңбегімен ұқсастығын, басқа журналда да жарық көргендігін немесе басқа журналға жариялауға ұсынылғанын анықтаған жағдайда Редакторға хабарлау;
- барлық жарияланбаған мәліметтердің және талқыланып отырған қолжазбаның құпия болып қалуына, басқа зерттеулер үшін пайдаланылмауына кепілдік беру;
- қолжазбада плагиат немесе бұрмаланған мәліметтер анықталған жағдайда Редакторға хабарлау;
- өзінің бұрын жарияланған қолжазбаларына дәйеккөздер санын арттыру мақсатында Авторға өз жұмыстарына сілтеме жасауды ұсынбау;
- рецензиялауға ұсынылған қолжазбаны кез келген форматта сақтамау және көшірмеу, қажет болған жағдайда деректерді қорғау ережелерін сақтау.
Ғылыми жарияланымдардың этикасы туралы толық ақпаратпен «Жарияланымдар этикасы» бөлімінде танысуға болады.
ҚҰПИЯЛЫҚ
Журналдың редакциясы Рецензент туралы мәліметтердің қорғалуын қамтамасыз ететін жоғары деңгейлі («екі жақты жасырын») рецензиялау саясатын қолдайды. Сізден рецензия мәтінінде немесе рецензия файлының атауында өзіңіз туралы мәліметті көрсетпеуіңізді сұраймыз.
РЕЦЕНЗИЯЛАУ ПРОЦЕСІ
Рецензия еркін форматта жүзеге асырылады. Сіз рецензия мәтінін Журнал сайтының арнайы терезесіне енгізе аласыз.
Рецензиялау кезінде Сізден келесі сұрақтарға аса назар аудара отырып, қолжазбаның толықтығы мен сапасын бағалауыңызды сұраймыз:
1 |
Редакцияға ұсынылған қолжазбаның мазмұны Журнал тақырыбына сәйкес келе ме? |
2 |
Ұсынылған жұмыстың ғылыми жаңалығы қандай? |
3 |
Ұсынылған зерттеу нәтижелерінің тәжірибелік маңызы бар ма? |
4 |
Мақаланың мазмұны оның атауымен сәйкес келе ме? |
5 |
Зерттеудің өзектілігі мен мақсаты айқын көрсетілген бе? |
6 |
Жұмыста қолданылған зерттеу әдістері берілген міндеттерді шешуге мүмкіндік берген бе? |
7 |
«Материалдар мен әдістер» бөлімінде зерттеу әдістері туралы жеткілікті ақпарат бар ма? (егер мүмкін болса) |
8 |
Статистикалық талдау әдістері дұрыс қолданылған ба және олардың нәтижелері түсіндірілген ме? Ұсынылған нәтижелерді сенімді деп бағалауға бола ма? (егер мүмкін болса) |
9 |
Қорытындыда зерттеу мақсатына қол жеткізгендігі көрсетілген бе? |
10 |
Қорытынды мақалада көрсетілген деректерге негізделген бе? |
11 |
Жұмыстың негізгі мазмұны мен алынған нәтижелері нақты көрсетілген бе? |
12 |
Түйін сөздер сапалы түрде таңдалған ба, олардың саны жеткілікті ме? |
13 |
Қолданылған әдебиет тізімі Автор көтерген мәселенің заманауи көрінісіне сәйкес келе ме? |
14 |
Мақала мазмұны, ғылыми тілі, материалды ұсыну стилі тұрғысынан оқырмандарға қолжетімді ме? |
15 |
Иллюстрациялық материалдар / кестелер / формулалар жеткілікті көлемде берілген бе? Олар сәйкес ақпаратты түсінікті деңгейде жеткізеді ме? Олар мәтінде келтірілген деректерді қайталай ма? |
16 |
Мақалада жарнамалық сипаттағы ақпарат бар ма? |
17 |
Ұсынылған жұмыстың жағымды жақтары қандай? |
18 |
Мақаланың анықталған кемшіліктерін көрсетіңіз. Авторларға қандай түзетулер мен толықтырулар енгізу қажет? |
Рецензиялау барысында Сіз Авторлар қол жеткізе алмайтын бөлек түсініктемелерді Редакторға жолдай аласыз. Түсініктемелер нақты әрі қарапайым тілде рәсімделуі керек. Қолжазбадағы белгілі бір кемшіліктерді көрсеткен кезде Сіз өз көзқарасыңызды нақты айтуыңыз керек.
Рецензиялау процесінің соңында мақалаға қатысты өз шешіміңізді келесі санаттарға сәйкес белгілеуіңізді өтінеміз:
- түзетусіз қабылдау;
- кішігірім түзетулер енгізуді қажет етеді;
- елеулі түзетулер енгізуді қажет етеді;
- кері қайтару (себебін түсіндіре кету қажет).
Құрметпен, Журнал редакциясы